2027 жылы АҚШ-та Ақ үй мен Конгресс арасындағы саяси текетірес жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін
Трамптың отбасы мен әкімшілігіне қатысты ауқымды тергеу басталуы мүмкін, АҚШ демократтары 12 ресми хат жолдады.
АҚШ-та демократтар президент Дональд Трамп отбасының қаржылық операцияларын, соның ішінде ұлдарының бизнесін және жақын туыстарының шетелдік мәмілелерін тексеруге дайындықты бастап кетті.
Заң шығарушылар президенттің жақын туыстары мен жоғары лауазымды шенеуніктерге 12 ресми хат жолдап, алдағы тергеулерге қатысы болуы мүмкін барлық құжаттар мен хат-хабарларды сақтауды талап етті. Бұл туралы Reuters, Associated Press және CBS News басылымдары хабарлады.
Бастамаға Өкілдер палатасының демократы Роберт Гарсия жетекшілік етіп отыр. Оның айтуынша, алдағы тексерулер президент отбасы мүшелерінің бизнес мүдделері, шетелдік инвестициялармен байланысы және мемлекеттік қызметті жеке пайда үшін қолданған жағдайларды қамтиды.
Демократтардың ерекше назарында Трамптың ұлдары кіші Дональд Трамп пен Эрик Трамптың бизнесі тұр. Атап айтқанда, олар құрған World Liberty Financial криптовалюта жобасы тексерілмек. Заң шығарушыларды бұл жобаға шетелдік инвесторлардың, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктерімен байланысты құрылымдардың қаржы салуы қызықтырып отыр. Демократтар мұндай инвестициялар президент отбасының коммерциялық мүдделері мен мемлекеттік шешімдер арасында мүдделер қақтығысын туғызуы мүмкін деп есептейді.
Сонымен қатар Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің халықаралық бизнес байланыстары да зерттеледі. Оның Таяу Шығыс елдеріндегі инвестициялық жобалары мен АҚШ атынан халықаралық келіссөздерге қатысуы арасында ықтимал қайшылық бар-жоғы анықталмақ. Кушнер басқаратын Affinity Partners инвестициялық қорының шетелдік қаржыландыру көздері де назарға алынуы мүмкін. Бұдан бөлек, кіші Дональд Трамппен байланысты 1789 Capital инвестициялық қорының қызметі де тексеру аясына ілікті.
Роберт Гарсия жолдаған хатты АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, бас прокурор Тодд Бланш, Ақ үй аппаратының басшысы Стивен Миллер және Ұлттық қауіпсіздік министрлігінің бұрынғы басшысы Кристи Ноэм де алған. Демократтар президенттің отбасылық бизнесінен бөлек, мемлекеттік органдар қызметін, көші-қон саясатын жүзеге асыруға бөлінген қаражатты және мемлекеттік келісімшарттардың берілу тәртібін тексеруді жоспарлап отыр.
Тексерудің тағы бір маңызды бағыты — Джеффри Эпштейн ісіне қатысты құжаттардың жариялануы
Заң шығарушылар Ақ үй мен Әділет министрлігінің осы іске байланысты материалдарды жариялау кезінде қандай шешім қабылдағанын, кейбір ақпараттардың не себепті жасырылғанын және мемлекеттік органдар әрекеті заң талаптарына сәйкес болған-болмағанын анықтағысы келеді. Бұған дейін Эпштейннің сыбайласы ретінде сотталған Гислейн Максвеллдің түрме жағдайының жеңілдетілуі де қоғамда сұрақ туғызған еді.
Демократтардың жоспары бойынша, толыққанды тергеу 2027 жылдың қаңтарында басталуы мүмкін. 2026 жылғы аралық сайлаудан кейін Өкілдер палатасындағы бақылау демократтарға өткен соң, олар Конгресс комитеттерін басқарып, тергеу жүргізу мүмкіндігіне ие болады. Роберт Гарсияның Өкілдер палатасының Қадағалау және үкіметтік реформа жөніндегі комитетінің төрағасы болуы күтілуде.
Бұл қызмет оған мемлекеттік мекемелерден құжаттар талап етуге, куәгерлерді шақыруға және Конгресс атынан ресми тыңдаулар өткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жіберілген хаттар сот шақыртуы немесе комитеттің міндетті талабы емес. Олардың негізгі мақсаты — алдағы тергеулерге қажетті дәлелдер мен ақпараттың жойылып кетуіне жол бермеу.
Ақ үй демократтардың бастамасын саяси астары бар әрекет деп бағалады
Әкімшілік өкілдері қазіргі уақытта жолданған хаттардың міндетті заңдық күші жоқ екенін алға тартып, президент пен оның айналасындағы адамдардың қандай да бір заң бұзушылыққа қатысы бар деген айыптауларды жоққа шығарып отыр.
Егер демократтар уәде етілген тергеулерді бастаса, Трамп отбасының криптовалюта бизнесі, шетелдік инвестициялары, мемлекеттік келісімшарттар және Эпштейн ісіне қатысты шешімдер Конгрестің басты назарында болады. Дегенмен әзірге бұл бағыттар бойынша заң бұзушылықтар дәлелденген жоқ. Тергеу нәтижелері ғана президент әкімшілігі әрекеттеріне қатысты нақты қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

