KZ
RU KZ

Шымкентте +25 градус, Астанада дауыл: 26 қарашада ауа райы қандай болады?

Еліміздің оңтүстігінде жаздағыдай жылы ауа райы болса, кейбір өңірлерде желдің екпіні секундына 30 метрге дейін және одан да жоғары күшейеді.

Ауа-райы
Ауа-райы ЖИ көмегімен жасалған

«Қазгидромет» болжамынша, 26 қараша, бейсенбі күні Қазақстанның оңтүстігінде ауа температурасы +25 градусқа дейін көтеріледі. Ал батыс және солтүстік өңірлерде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болып, қатты жел соғады. Қостанай, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында жауын-шашын күшейеді.

Шымкентте ауа температурасы +25 градусқа дейін көтеріледі. Алайда күндіз жаңбыр жауып, желдің екпіні 20 м/с-қа жетеді. Түнде ауа температурасы +13 градус шамасында болады.

Алматыда күндіз +20 градусқа дейін жылынады. Күннің бірінші жартысында жауын-шашын күтілмейді, кешке қарай жаңбыр жауады. Түнде ауа температурасы +9 градус шамасында болады.

Түркістан облысында күн +25 градусқа дейін жылынады. Күндіз жаңбыр жауып, кей аудандарда желдің екпіні 30 м/с және одан да жоғары болады.

Жамбыл облысында ауа температурасы +24 градусқа дейін көтеріледі. Күндіз жаңбыр жауып, облыстың оңтүстігі мен таулы аймақтарында жауын-шашын күшейеді. Желдің екпіні кей жерлерде 30 м/с және одан да жоғары болады.

Жетісу облысында күн +19 градусқа дейін жылынады. Жауын-шашын болжанбағанымен, кей жерлерде тұман түсіп, желдің екпіні 25 м/с-қа жетеді.

Астанада күндіз жаңбыр жауып, ауа температурасы +8 градусқа дейін көтеріледі. Түнде +1 градус болады. Күндіз желдің екпіні 28 м/с-қа жетеді.

Ақмола облысында күндіз жаңбыр жауып, ауа температурасы +8 градусқа дейін көтеріледі. Түнде облыстың батысында жаңбыр аралас қар жауады. Кей аудандарда желдің екпіні 30 м/с және одан да жоғары болады.

Қостанай облысында жаңбыр жауып, өңірдің батысы мен солтүстігінде жауын-шашын күшейеді. Ауа температурасы +6 градусқа дейін көтеріледі. Желдің екпіні кей жерлерде 30 м/с-тан асады.

Солтүстік Қазақстан облысында түнде өңірдің батысы мен солтүстігінде, күндіз облыс аумағында жаңбыр аралас қар жауады. Ауа температурасы +6 градусқа дейін көтеріліп, желдің екпіні 30 м/с және одан да жоғары болады.

Павлодар облысында күндіз өңірдің батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде жаңбыр жауады. Ауа температурасы +10 градусқа дейін көтеріледі. Кей жерлерде тұман түсіп, екпінді жел соғады.

Батыс өңірлерде жаңбыр, қар және көктайғақ күтіледі

Ақтөбе облысында жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ болады. Өңірдің солтүстігі мен шығысында жауын-шашын күшейеді. Тәулік бойы ауа температурасы +2 градусқа дейін жетеді. Желдің екпіні кей жерлерде 30 м/с және одан да жоғары болады.

Батыс Қазақстан облысында жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ болады. Түнде және таңертең облыстың солтүстігі мен шығысында тұман түсуі мүмкін. Күндіз желдің екпіні 20 м/с-қа жетеді.

Атырау облысында жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ болады. Түнде және таңертең өңірдің оңтүстігі мен шығысында тұман күтіледі. Күндіз жел 20 м/с-қа дейін күшейеді.

Маңғыстау облысында түнде жаңбыр аралас қар жауып, өңірдің солтүстігі мен шығысында көктайғақ болады. Күндіз аталған аудандарда жаңбыр жауады. Ауа температурасы +9 градусқа дейін көтеріліп, желдің екпіні 20 м/с-қа жетеді.

Қарағанды облысында түнде өңірдің батысында, күндіз облыс аумағында жаңбыр жауады. Ауа температурасы +10 градусқа дейін көтеріліп, желдің екпіні 30 м/с және одан да жоғары болады.

Ұлытау облысында да жаңбыр жауады. Күндіз ауа температурасы +12 градусқа дейін көтеріледі. Түнде және таңертең кей жерлерде тұман түсіп, желдің екпіні 28 м/с-қа жетеді.

Абай облысында күндіз өңірдің батысы мен солтүстігінде жаңбыр жауады. Ауа температурасы +10 градусқа дейін көтеріледі. Түнде -7 градусқа дейін аяз болып, таңертең кей жерлерде тұман түседі. Желдің екпіні 20 м/с-қа жетеді.

Шығыс Қазақстан облысында түнде таулы аймақтарда ауа температурасы -10 градусқа дейін төмендейді. Өңірдің солтүстігі, оңтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Кей жерлерде желдің екпіні 20 м/с-қа жетеді.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.