Шымкентте жанармай таситын көлік өртеніп, жүргізуші қаза тапты
Шымкент қаласында жанармай таситын жүк көлігі жол апатына ұшырап, өртке оранды.
Қайғылы оқиға Тұран ауданындағы Ташкент тасжолында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жанармай тасымалдаған жүк көлігі аударылып, артынша қатты өрт шыққан. Жалын көлікті де, жолға төгілген жанармайды да шарпыған.
Өрт толық сөндірілгеннен кейін көлік кабинасынан ер адамның мәйіті табылды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасы себептерін анықтап, болған жағдайдың барлық мән-жайын тексеріп жатыр.

