KZ
RU KZ

Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру мерзімі жаңартылды

Зейнетақы активтерін Ұлттық банктің басқаруынан инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) беру өтініш түскен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылады.

Зейнетақы
Зейнетақы Фото: gov.kz

Сонымен қатар белгіленген шектеулерді ескере отырып, зейнетақы активтерін бірнеше инвестициялық портфельді басқарушы арасында немесе бір басқарушының әртүрлі инвестициялық портфельдері бойынша бөлуге рұқсат етіледі.

Салымшы немесе зейнетақы төлемдерін алушы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) инвестициялық портфельді басқарушыны және инвестициялық портфель түрін таңдау туралы өтінішті қордың интернет-ресурсы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланып бере алады.

Инвестициялық портфельді басқарушылардың сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері үш түрлі портфельге бөлінеді:

  • Консервативті портфель — барлық салымшыларға қолжетімді. Бұл портфель бойынша ең төменгі кірістілік 12 айлық кезең негізінде бағаланады.

  • Орташа тәуекелді портфель — зейнетке шығуына үш жылдан астам уақыт қалған азаматтарға арналған. Оның кірістілігі 36 айлық кезең бойынша бағаланады.

  • Тәуекел деңгейі жоғары портфель — зейнетке шығуына 13 жылдан астам уақыт қалған салымшыларға арналған. Кірістілігі 60 айлық кезең бойынша бағаланады.

БЖЗҚ кейбір жағдайларда зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға беруден бас тартуы мүмкін. Мысалы, салымшының жасы өзі таңдаған инвестициялық портфель талаптарына сәйкес келмесе, зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш берілсе немесе инвестициялық портфельді басқарушымен жасалған шартты бұзу жоспарланса, активтерді аударуға рұқсат берілмейді.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.