KZ
RU KZ

Ұлттық банк тұрғын үй мен автонесиеге қатысты жеңілдік мерзімін ұзартты

Тұрғын үй несиелері бойынша жеңілдік 2029 жылдың соңына дейін, ал автонесие бойынша 2027 жылдың соңына дейін сақталады.

Кредит
Кредит ZTB. ЖИ иллюстрация

Қазақстан Ұлттық банкі тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы берілетін несиелер мен автонесиеге қатысты борыш жүктемесі коэффициентіне қойылатын талаптардан уақытша босату мерзімін ұзартты. 

Ұлттық банк мұндай шешімді тұрғын үй және автокредиттеу нарығындағы жағдайды талдағаннан кейін қабылдаған.

Енді банктер жекелеген несие түрлерін қарыз алушының борыш жүктемесінің жалпы шекті мөлшерін міндетті түрде сақтамай-ақ бере алады.

Бұл жеңілдік қарыз алушылар үшін нені білдіреді?

Борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК) — адамның ай сайынғы табысының қанша бөлігі несие төлемдерін өтеуге жұмсалатынын көрсететін өлшем. Жалпы ереже бойынша, бұл көрсеткіш қарыз алушының айлық табысының 50 пайызынан аспауы керек.

Мысалы, адамның ай сайынғы табысы 500 мың теңге болса, қолданыстағы жалпы талап бойынша оның барлық несие төлемі 250 мың теңгеден жоғары болмауға тиіс.

Алайда Ұлттық банктің шешімімен белгіленген жеңілдік аясында кейбір несиелерді беру кезінде осы шектеуді міндетті түрде сақтау талап етілмейді. Бұл банктерге белгілі бір санаттағы қарыз алушыларға несие беру мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.

Дегенмен жеңілдіктің ұзартылуы несие міндетті түрде мақұлданады дегенді білдірмейді. Банктер клиенттің табысын, қаржылық жағдайын және төлем қабілетін өздері бағалап, несие беру немесе бермеу туралы шешімді дербес қабылдайды.

Жеңілдік қандай несиелерге қатысты?

Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі аясында берілетін несиелер бойынша жеңілдік 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.

Ал автокредиттерге қатысты жеңілдік 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады. Бірақ ол үшін бірнеше шарт орындалуы керек.

Атап айтқанда:

  • Қазақстанда алғаш рет тіркелетін жаңа автокөлікті сатып алуға берілетін несие;

  • пайдаланылған автокөлікті сатып алу кезінде бастапқы жарна кемінде 50 пайыз болуы;

  • үш жылдан аспайтын автокөлікті сатып алу кезінде бастапқы жарна кемінде 30 пайыз болуы қажет.

Бұл ретте сатып алынатын автокөлік несие бойынша кепіл ретінде рәсімделуі тиіс. Ұлттық банк 2027 жыл бойы кредит нарығындағы жағдайды бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 11 ірі банктің қарыз алушылардың борыш жүктемесін қалай есептейтінін тексеретінін хабарлаған болатын. Тексеру барысында банктер клиенттердің табысын және қолданыстағы несиелері бойынша төлемдерін дұрыс есепке ала ма, сондай-ақ қарызды өтеуге мүмкіндігі жоқ азаматтарға несие беріліп жатқан жоқ па деген мәселелерге назар аударылады.

Бұл шаралар несие нарығындағы тәуекелдерді бақылауға және азаматтардың шамадан тыс қарызға батуына жол бермеуге бағытталған.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.