KZ
RU KZ

Жаппай уланудан кейін республикалық физика-математика мектебінің басшысы ауысты

Алматы қаласындағы «РФММ» КеАҚ филиалына жаңа директор тағайындалды

Аурухана
Аурухана Фото: pixabay.com

Республикалық физика-математика мектебінің Алматы филиалының директоры болып «Математика» мамандығы бойынша PhD докторы Алмаз Мұхамбетұлы Күнғожин тағайындалды. Ол бұған дейін РФММ-да білім алған.


Мейірбек Мейірлан Едігерұлы директор қызметінен босатылды.

Алмаз Күнғожин 2018–2023 жылдары мектепті басқарған. Әр жылдары РФММ-да мұғалім, математика пәнінен олимпиадаға дайындау бойынша жаттықтырушы, Директордың бейіндік-эксперименттік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап «РФММ» КеАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 12 қазаннан бастап 58 бала қалалық Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

Дәрігерлер оларға қажетті медициналық көмек көрсетіп, клиникалық хаттамаларға сәйкес емдеу жүргізді. Қазіргі уақытта барлық ауруханаға жатқызылған оқушылар шығарылды.

Естеріңізге сала кетейік, 14 қазанда жіті ішек инфекциясының белгілері бар РФММ 48 оқушысының ауруханаға жатқызылғаны хабарланған болатын.

Кейіннен ауруханаға жатқызылғандар саны 55-ке жетті.

Ауру жағдайлары тіркелгеннен кейін мектепте санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені ұйымдастырылды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мектептің ас блогын тексеру барысында санитарлық талаптардың бұзылуы анықталды.

Болған оқиғаға байланысты РФММ Алматы филиалының оқушылары уақытша қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды. Интернатта тұратын балаларды ата-аналарына немесе туыстарына жіберу туралы шешім қабылданды.

Алматы полициясы жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігі Алматыдағы РФММ басшылығына оқушылардың тамақтануын ұйымдастыруға бақылауды күшейтуді тапсырды.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.