Жамбылда соққыдан кейін комаға түскен оқушының отбасы кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті
Туыстары істің объективті тергелуін, жасөспірімнің емі мен оңалтуына жұмсалған шығындарды өтеуді сұрайды. Сондай-ақ Бас прокуратурадан қылмыстық істі ерекше бақылауға алуды өтінген
Жамбыл облысының Жамбыл ауданында аяусыз соққыға жығылып, комаға түскен оқушының отбасы шабуыл жасаған адаммен қатар, оны ұйымдастырды деп күдік келтірілген тұлғаларды да қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.
Жәбірленушінің әпкесі әлеуметтік желіде осындай өтініш жариялады. Оның айтуынша, 31 қазаннан бері інісі мектептегі бейресми «жиналыс» кезінде соққыға жығылғаннан кейін өте ауыр жағдайда жатыр.
Қыздың мәлімдеуінше, 11-сынып оқушысы Е.С. өзге жоғары сынып оқушыларымен бірге 10-сыныпта оқитын Н.А.-ға оның інісін ұрып-соғуды бұйырған. Жасөспірімді бас тартқан жағдайда күш қолданамыз деп қорқытқан.
Оқушы 20 күннен астам уақыттан бері комада жатыр. Әпкесінің айтуынша, дәрігерлер оған апалликалық синдром, яғни вегетативті жағдай диагнозын қойған. Жасөспірім айналасында болып жатқан жағдайға реакция білдірмейді. Ұзақ уақыт қозғалыссыз жату салдарынан қол-аяғы да деформациялана бастаған.
Отбасын тергеу жағдайы қатты алаңдатып отыр. Қыздың айтуынша, тергеу барысында бұл іске жоғары сынып оқушыларының қатысы бары анықталған. Алайда олар әлі күнге дейін бостандықта жүр. Бұдан бөлек, оқиғаға 2007 жылы туған, мектепті бітірген екі кәмелетке толған азаматтың да қатысы бар деп болжанады.
Туыстары тікелей шабуыл жасады деп күдікке ілінген жасөспірімге қатысты бұлтартпау шарасына да күмән келтіреді. Жәбірленушінің әпкесінің айтуынша, қоғамда резонанс туындағаннан кейін 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Алайда келесі күні сот оның кәмелетке толмағанын және бұрын сотталмағанын ескеріп, үйқамаққа ауыстырған.
Отбасы жергілікті билік, құқық қорғау органдары және оқиғаға қатысы бар деп есептелетін жасөспірімдердің ата-аналары тарапынан нақты көмек көрсетілмегенін де мәлімдеді. Туыстары істің жылы жабылып, оны ұйымдастырды және арандатты деп күдік келтірілген адамдардың жауапкершіліктен жалтарып кетуінен қауіптенеді.
Осыған байланысты отбасы жоғары сынып оқушылары мен мектептің кәмелетке толған түлектерін қоса алғанда, оқиғаға қатысы бар барлық адамды жауапқа тартуды талап етеді. Сондай-ақ материалдық шығын мен қымбат ем-домға және кейінгі оңалтуға жұмсалған қаражатты өтеуді сұрайды.
Жәбірленушінің әпкесі Бас прокурорға, Ішкі істер министріне және Бала құқықтары жөніндегі уәкілге үндеу жасап, жағдайға араласып, істің ашық әрі әділ тергелуін қамтамасыз етуді өтінген.
«Бүгін біздің ініміз зардап шекті. Ал ертең жазасыздық салдарынан кез келген басқа бала осындай жағдайға тап болуы мүмкін!» деп жазылған үндеуде.
Бұл айыптауларға қатысты уәкілетті органдар әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Құқық қорғау органдары тергеу құпиясына сілтеме жасап отыр.
Жасөспірім облыстық көпбейінді балалар ауруханасында жатыр. Өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылғанына қарамастан, оқушының жағдайы әлі де өте ауыр.
Оқиға қалай болған?
Жамбыл облысында тоғызыншы сынып оқушысы басқа жасөспіріммен жанжалдан кейін жансақтау бөліміне түсті.
Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, оқиғаға бейресми «жиналысқа» кешігіп келуі себеп болуы мүмкін. Олар мұны ауыл жастары арасындағы әлімжеттікпен байланыстырады. Полиция қылмыстық іс қозғаған.
Оқиға 31 қазан күні кешке Жамбыл ауданының Бірлесу-Еңбек ауылында болған.
Туыстарының нұсқасы бойынша, жасөспірім кездесуге кешіккені үшін соққыға жығылған. Олардың айтуынша, ауылда бейресми иерархия қалыптасқан: жоғары сынып оқушылары мен ересек жастар өздерінен кішілерге түрлі тапсырмалар беріп, ақша жинайды. Ал бағынбаған немесе кездесуге кешіккендерді жазалайды екен.
Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Қазіргі уақытта жәбірленуші жансақтау бөлімінде жатыр. Ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлердің мәліметінше, науқастың жағдайы өте ауыр әрі тұрақсыз. Оған қарқынды ем жүргізіліп жатыр.
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы 31 қазан күні кешке Жастар аллеясында кәмелетке толмағандар арасында жанжал болғанын растады.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімдердің бірі екіншісінің кеуде тұсынан жұдырықпен ұрған.
«Соққыдан жәбірленуші есінен танып, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған бала жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігінің 8-тармағымен қылмыстық іс тіркелді. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр» деп жазылған ведомство жауабында.
Жамбыл облысының полиция департаменті де қылмыстық іс қозғалғанын растады. Оқиғаға қатысушылардың барлығы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.
«Алдын ала анықталғандай, бұрыннан таныс екі кәмелетке толмаған жасөспірім арасында жанжал туындап, олардың бірі екіншісіне соққы жасаған. Жәбірленуші ауруханаға жатқызылды. Тергеу жалғасып жатыр. Істің тергелу барысы Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында» деп хабарлады полиция департаменті.
Сонымен қатар жергілікті тұрғындар жанжал Жастар аллеясында емес, жасөспірімдер жиі жиналатын ауылдық клубтың маңында болғанын айтады.
Бұл оқиға көршілес Байзақ ауданында жасөспірім соққыдан қаза тапқан тағы бір резонансты жағдайдан көп ұзамай болып отыр.

