Алматыдағы өзен-көл маңында құрылыс жүргізуге тыйым салынды — әкімдік қаулысы күшіне енді
2026 жылғы 20 қарашадан бастап Алматы қаласындағы су қорғау аймақтарына қатысты әкімдік қаулысы күшіне енді. Құжатқа Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қол қойды.
Енді өзен, арық, канал мен көл жағалауынан 35 метр қашықтыққа дейін ғимарат салуға, сондай-ақ бақша мен саяжай үшін жер телімдерін бөлуге тыйым салынады.
Ал су айдыны айналасындағы ені 120-дан 500 метрге дейінгі су қорғау аймақтарында құрылыс жүргізуге рұқсат берілуі мүмкін. Бірақ ол үшін жоба мемлекеттік органдармен алдын ала келісіліп, тиісті талаптарға сай болуы керек.
Қаулыда қала аумағындағы 32 су нысанының қорғау аймақтары мен жағалау белдеулерінің шекарасы белгіленген. Олардың қатарында Үлкен және Кіші Алматы өзендері, Ақсай, Есентай, Қарағайлы, Үлкен Алматы көлі, Алматы көлі және Сайран су қоймасы бар.
Қаулыға сәйкес, аталған су нысандарының барлығында жағалау белдеуінің ені бірдей су жиегінен екі бағытқа қарай 35 метр болады. Жыралар мен құрғақ арналарда бұл қашықтық жыраның шетінен, ал каналдарда науаның жоғарғы жиегінен бастап есептеледі.
Осы 35 метрлік аумақта ғимарат пен құрылыс салуға және пайдалануға тыйым салынады. Алайда су шаруашылығы нысандарына, су алатын құрылыстарға, көпірлерге, айлақтарға, су көлігіне қатысты нысандарға, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері нысандары мен ғимаратсыз демалыс аймақтарына ерекшелік қарастырылған. Бұл аумақта бақша және саяжай үшін жер телімдері де берілмейді.
Су қорғау аймағы көлемі барлық жерде бірдей емес. Өзен мен каналдардың басым бөлігінде оның ені 120 метрге жетеді. Ал Үлкен Алматы көлінің (Жусалы) маңында және өзендердің жоғарғы ағыстарында бұл аумақ кеңейтілген.
Атап айтқанда, Үлкен Алматы өзенінің көлден бастап Көкшоқы шағын ауданындағы бөгетке дейінгі бөлігінде су қорғау аймағы 500 метр болып белгіленген. Дәл осындай шектеу Өткелді, Ортасай, Жарбұлақ, Терісбұлақ өзендері, Мәрмәр бұлағы мен Ақсай өзенінің бір саласына да қатысты.
Бөгеттен Абай даңғылына дейінгі аралықта Үлкен Алматы өзенінің су қорғау аймағы 120 метрге дейін қысқарады. Алматы көлінің және Терісбұлақ өзенінің маңында бұл көрсеткіш 300 метр, ал Сайран су қоймасының айналасында 150 метр болады. Қарағайлы өзенінің бойында қорғау аймағы учаскелерге қарай 500, 200 және 120 метр болып өзгеріп отырады.
Су қорғау аймақтарында бірқатар қызмет түрлеріне де шектеу қойылады
Атап айтқанда, тыңайтқыштар мен мұнай өнімдерін сақтайтын қоймалар, автокөлік жуу орындары, қоқыс үйінділері, мал шаруашылығы фермалары, зираттар мен мал өлекселерін көметін орын салуға болмайды. Сондай-ақ мал жаюға және суға түсіруге тыйым салынады.
Бұл аумақта ғимаратты қайта жаңарту, құрылыс және жер қазу жұмыстарын жүргізу, кабельдер мен құбырлар тарту тек тиісті мемлекеттік органдармен келісілген жобалар негізінде жүзеге асырылады. Мұндай жобалар жергілікті атқарушы органдармен, бассейндік инспекциялармен және салалық мекемелермен келісілуі тиіс.
Суды ластанудан қорғайтын арнайы құрылыстар мен жабдықтармен қамтамасыз етілмеген жаңа нысандарды пайдалануға беруге де рұқсат жоқ.
Қаулы бұрыннан салынған ғимараттарға да қатысты. Егер қолданыстағы нысандарда су айдындары мен олардың қорғау аймақтарын ластанудан сақтайтын қажетті құрылғылар мен қорғаныс жүйелері болмаса, оларды пайдалануға тыйым салынады.


