KZ
RU KZ

Криптоайырбастау арқылы 1 миллиард теңге тапқан: Қызылорда облысында сот үкімі шықты

Қызылорда облысында Binance платформасы арқылы заңсыз криптовалюта айырбастаған топ мүшелері сотталды.

Криптовалюта
Криптовалюта Иллюстрация: ЖИ

Олар 1 миллиард теңгеден астам цифрлық актив сатып, одан 178 миллион теңге табыс тапқан.

Сотталғандар криптовалютаны Binance P2P платформасы арқылы «Астана» халықаралық қаржы орталығы сауда алаңынан тыс жерде сатқан.

Ақша қабылдау және аудару үшін олар дропперлерді, яғни өздерінің банк шоттарын пайдалануға берген адамдарды тартқан. Осындай шот арқылы 600 миллион теңгеден астам қаражат аударылған.

«Алынған қаражат криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудасымен айналысатын адамдардың криптоәмияндарына жіберілген. Анықталған аударымдардың жалпы көлемі 277 мың USDT болды» деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

Сотталғандар заңсыз табысқа коммерциялық мақсатта пайдалануға және жалға беруге арналған жүк көліктері мен тіркемелер сатып алған.

Сот үкімімен оларға 3 және 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар мемлекет кірісіне төрт арнайы техника мен 1 миллиард теңгеден астам қылмыстық табыс тәркіленді.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.