Астанада балабақшада баланы темір орындықпен бірнеше рет ұрған
Астанадағы «София 3» жекеменшік балабақшасында балалардың бірі екіншісін темір орындықпен бірнеше рет ұрған, деп хабарлайды ZTB.
Баланың анасының шағымынан кейін полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Оқиғаны баяндаған әйелдің айтуынша, оның ұлына топтағы басқа бала темір орындықпен бірнеше рет соққы жасаған. Оқиға 15 қазанда болған.
Әйелдің сөзінше, орындықтың салмағы шамамен 2–3 келі болған. Оқиға кезінде балалардың жанында тәрбиеші де, басқа ересектер де болмаған.
Анасы баласын алып кетуге келгенде, балабақша қызметкерлері балалар орындыққа таласып қалғанын түсіндірген. Олардың айтуынша, жиһаз баланың қолынан сусып кетіп, ол абайсызда соғылып қалған.
Алайда бейнебақылау камераларындағы жазбаларды көргеннен кейін әйел ұлын бұл балабақшадан алып кетуге шешім қабылдаған.
«Біз балабақшаға ең қымбатымызды — балаларымызды сеніп тапсырамыз. Сондықтан ең болмаса олардың қауіпсіздігіне кепілдік берілуін талап етуге құқылымыз!» — деді ол.
Сондай-ақ әйел қазан айы үшін төлеген 80 мың теңгені қайтаруды талап еткен. Оның айтуынша, оқиғадан кейін баласы балабақшаға мүлде бармаған. Алайда осы уақытқа дейін ақшасы қайтарылмаған.
Бұдан бөлек, анасы оқиға түсірілген бейнежазбаның сақталуына алаңдап отыр.
«Камералардағы жазбалар бір ай сақталады. Оқиға болғанына үш аптаға жуықтады. Жақында бейнежазба автоматты түрде өшірілуі мүмкін. Сонда менде бұл оқиғаны дәлелдейтін ештеңе қалмайды», — дейді ол.
Нұра ауданының полиция басқармасы Halyqstan тілшісіне балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр» деп мәлімдеді полиция.
Тергеудің өзге де мәліметтері әзірге жарияланған жоқ.

