KZ
RU KZ

Ұлттық банк алғаш рет 10 млрд теңгенің цифрлық бағалы қағаздарын шығарды

Цифрлық қаржы активтері Қазақстан қор биржасының (KASE) арнайы платформасы арқылы шығарылды.

ҚР Ұлттық банкі
ҚР Ұлттық банкі Фото: egemen.kz

Қазақстан Ұлттық банкі мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында жаңа қаржы құралын сынақтан өткізіп, қысқа мерзімді ноталарды алғаш рет токенделген форматта орналастырды.  Жобаның жалпы көлемі 10 млрд теңге болды.

Ұлттық банктің мәліметінше, бұл — Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына цифрлық қаржы активтерін енгізу бағытындағы алғашқы практикалық қадамдардың бірі.

Аукцион 2026 жылғы 9 қарашада өтті. Бір шығарылымға тиесілі қысқа мерзімді ноталар дәстүрлі және токенделген екі форматта қатар орналастырылды. Аукцион қорытындысы бойынша бағалы қағаздардың жалпы көлемі 50 млрд теңгені құрап, толық сатылды. Оның ішінде 10 млрд теңгесі токенделген ноталарға тиесілі болды.

Бағалы қағаздардың айналыс мерзімі — 91 күн. Есеп айырысу және айналысқа шығу күні 2026 жылғы 11 қарашаға белгіленген. Орналастыру қорытындысы бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 15,72 пайыз.

Аукцион кезінде инвесторлардың жалпы сұранысы номиналды құны бойынша 70,2 млрд теңгеге жеткен. Бұл ұсынылған бағалы қағаздар көлемінен 1,4 есе жоғары.

Ұлттық банктің түсіндіруінше, бір шығарылымды дәстүрлі және токенделген форматта қатар орналастыру баға белгілеудің бірыңғай шарттарын сақтауға, қаржы құралдарын шығарудың жаңа тетігін сынауға және заманауи технологиялардың қолданыстағы қаржы нарығы инфрақұрылымымен өзара әрекеттесуін тексеруге мүмкіндік берді.

Токенделген ноталар — электрондық-цифрлық форматта шығарылатын қаржы құралдары. Олардың эмитенті, яғни бағалы қағаздарды шығарушы ұйым — Қазақстан Ұлттық банкі. Сондай-ақ міндеттемелердің орындалуына да Ұлттық банк жауап береді.

Ал Қазақстан қор биржасы (KASE) мұндай құралдарды шығару, орналастыру және кейінгі айналымға енгізу үшін қажетті технологиялық инфрақұрылымды қамтамасыз етеді.

Токенделген ноталарды иеленушілердің құқықтары KASE платформасында есепке алынады. Сонымен бірге олардың мәліметтері Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінің тізілімдер жүйесінде көрсетіледі. Аукционда жасалған мәмілелер бойынша клиринг пен есеп айырысуды KASE Клиринг орталығы жүзеге асырады.

Ұлттық банктің пікірінше, бұл жобаның іске асуы мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында токендеу технологиясын одан әрі енгізуге жол ашады. Сонымен қатар цифрлық қаржы құралдарының түрлерін көбейтіп, капитал тартудың жаңа тетіктерін дамытуға мүмкіндік береді.

Жобаның Қазақстанның ішкі цифрлық инфрақұрылымын дамыту үшін де маңызы зор. Мұндай технологияларды енгізу қаржы секторының технологиялық әлеуетін арттыруға, ұлттық капитал нарығының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге және нарық қатысушылары үшін заманауи цифрлық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, 2026 жылғы 1 мамырдан бастап Қазақстанда цифрлық қаржы активтерін, соның ішінде электрондық-цифрлық форматтағы қаржы құралдарын шығару және олардың айналымын реттейтін заңнамалық негіз қолданысқа енгізілген.

Осылайша, Ұлттық банктің жаңа бастамасы Қазақстанның қаржы нарығында цифрлық технологияларды қолданудың келесі кезеңіне жол ашуы мүмкін. Токенделген бағалы қағаздар болашақта мемлекеттік бағалы қағаздармен операцияларды жүргізудің жаңа тәсілдерін қалыптастырып, инвесторлар үшін цифрлық қаржы құралдарының қолжетімділігін кеңейтуге негіз болады.

 

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.