KZ
RU KZ

ҰҚК Самұрық-Қазына мен ҚТЖ басшыларының ұсталғанын растады

Олар және басқа да тұлғалар сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікке ілінген

Нұрлан Жақыпов, Ерлан Отыншиев
Нұрлан Жақыпов, Ерлан Отыншиев Фото: СҚ

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Ерлан Орыншиев 11 қарашада ұсталған. 

«Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің барысы туралы өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді» деп жазылған ҰҚК хабарламасында.

 

Айта кетейік, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «Самұрық-Қазына» қорының құрылымына кіретін негізгі портфельдік компаниялардың бірі саналады.

Әзірге арнайы қызметтің тергеуіне нақты қандай келісімшарт, мемлекеттік сатып алу немесе басқарушылық шешім себеп болғаны, сондай-ақ іс материалдарында қандай қаржы көлемі көрсетілгені белгісіз.

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ Ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен „Қазақстан темір жолы „ҰК“ АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің ісінде көмек көрсетуде.

"Қазіргі уақытта уәкілетті органдар тиісті тергеу әрекеттерін жүргізуде. Қор Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде қажетті өзара іс-қимылды және сұратылған ақпарат пен материалдарды ұсынуды қамтамасыз ете отырып, құқық қорғау органдарына жан-жақты көмек көрсетеді" деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» — Қазақстанның ірі стратегиялық кәсіпорындарын басқару және олардың тиімділігін арттыру мақсатында құрылған ұлттық әл-ауқат қоры.

Қор ел экономикасындағы негізгі активтерге иелік етіп, оларды азаматтардың мүддесі үшін басқаратын холдинг қызметін атқарады.

Оның құрамына мұнай-газ, көлік, энергетика және телекоммуникация салаларындағы ірі компаниялар кіреді. Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «Қазатомөнеркәсіп», «Эйр Астана», «Қазақтелеком» және KEGOC бар.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.