KZ
RU KZ

Отандық стартап: Qajet Taxi-ге мемлекет қандай қолдау көрсетеді?

Қазақстанда отандық такси шақыру қызметі — Qajet Taxi жобасын дамыту мәселесі талқыланды.

Такси
Такси Фото: Pixabay

Мемлекет стартапқа бюджеттен тікелей қаржы бөлуді жоспарлап отырған жоқ. Алайда оның дамуына технологиялық тұрғыдан қолдау көрсетуге дайын. Атап айтқанда, жобаға картографиялық шешімдерді, серверлік инфрақұрылымды және суперкомпьютерлік қуаттарды пайдалануға мүмкіндік беру көзделіп отыр.

Бұл туралы Үкіметтегі брифингте премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев мәлімдеді. 

Министрдің сөзінше, стартапты дамытуға қажетті қаржыны компанияның өзі іздейді. Жоба жеке инвесторларды тарту арқылы қаржыландырылады. Мемлекет тарапынан тікелей қаржылай көмек қарастырылмаған.

«Қазір біз оларға қаржылай көмек көрсетіп отырған жоқпыз. Олар жеке инвесторларды тартып, қажетті қаражатты өздері іздейді. Бұл — мемлекеттік бюджеттен бөлінетін ақша емес. Дегенмен картография, серверлік инфрақұрылым және суперкомпьютерлік қуаттарды пайдалану жағынан қолдау көрсетеміз», — деді Жасұлан Мәдиев.

Министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта Qajet Taxi қосымшасын 500 мыңнан астам адам пайдаланады.  Ал сервисте тіркелген жүргізушілер саны 50 мыңнан асқан.

Отандық технология мен өнімдерді қолдау

Бұдан бөлек, Жасұлан Мәдиев мұндай технологиялық қолдау басқа да отандық стартаптарға көрсетілуі мүмкін екенін де айтты. Министр цифрлық өнімдер мен қызметтерді әзірлеп жатқан қазақстандық жобалармен ынтымақтастық орнатуға дайын.

Ол мысал ретінде inDrive компаниясын атады. Министрдің пікірінше, бұл компанияны да отандық стартаптардың қатарына жатқызуға болады екен. Оның негізін қалаушы Қазақстан азаматтығын алған, ал компанияның бас кеңсесі елімізде орналасқан. Сонымен қатар inDrive өзінің картографиялық шешімдерін ұсынуға дайын.

«Егер осындай басқа да стартаптар мен қосымшалар болса, олармен де жұмыс істеуге дайынбыз», — деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Qajet Taxi сервисіне қазақстандық цифрлық карталар мен навигациялық технологияларды енгізу мәселесі де талқыланған болатын. Жоба аясында «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» әзірлеген картографиялық деректерді пайдалану жоспарланып отыр. Бұл мекеме «Қазгеодезия» деп аталады.

Атап айтқанда, қосымшада мекенжайжы іздеу, геокодтау және жүру бағытын құру мүмкіндіктерін дамыту көзделген. Сондай-ақ жол желісі туралы мәліметтерді өзектендіріп, мекенжайлар мен нысандардың орналасқан жерін анықтау дәлдігін арттыруға басымдық берілмек. 

Qajet Taxi жобасына деген қызығушылықтың артуына такси агрегаторларының жұмысындағы іркілістер де әсер еткен. Бұған дейін, қазан айында, Қазақстанда «Яндекс» сервистерінің жұмысында ақаулар тіркеліп, кейбір пайдаланушылар такси шақыру кезінде қиындықтарға тап болған еді. Осы жағдай елде балама отандық цифрлық қызметтерді дамыту мәселесін қайта көтерді.

Енді стартаптың нарықтағы орны мен бәсекеге қабілеттілігі жеке инвестиция тартуына, қызмет сапасына және пайдаланушылар сеніміне байланысты болмақ.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.