50 жыл махаббаттың куәсі болған Алматыдағы Неке сарайы сатыла ма?
Алматы қаласы әкімдігі Мемлекеттік активтер басқармасы Неке сарайы ғимараты мен оның жанындағы субұрқақты электронды сауда-саттыққа шығарды.
Электронды сауда-саттықтың sauda.e-qazyna.kz платформасында жарияланған хабарландыруға сәйкес, нысан кейіннен сатып алу құқығынсыз, 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беріледі. Кепілдік жарна мөлшері — 1 миллион 950 мың 472 теңге.
Нысан тек бастапқы мақсатына сай, яғни некені салтанатты түрде тіркеу рәсімдерін өткізу үшін пайдаланылуы тиіс. Сауда-саттық жеңімпазы жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін тиісті лицензиясы бар қосалқы мердігер ұйыммен келісімшарт жасасуға міндетті.
Нысанды пайдалануға берілгенге дейін оған салынатын инвестиция көлемі кемінде 2 миллиард теңге болуы керек.
Сонымен қатар сауда-саттық жеңімпазы келісімшартқа қол қойылған күннен бастап 24 ай ішінде нысанды пайдалануға беруге тиіс. Бұдан бөлек, ай сайын әлеуметтік осал топтарға жататын бес жұп үшін некені салтанатты түрде тегін тіркеу рәсімін өткізу міндеттеледі.
Сондай-ақ жыл сайын нысанда кемінде төрт қалалық әлеуметтік-мәдени іс-шара тегін ұйымдастырылып, азаматтардың Неке қию музейіне еркін кіруіне мүмкіндік жасалуы қажет.
Сауда-саттық 12 қараша күні сағат 10:00–де басталады. Өтінімдер сол күні сағат 09:55–ке дейін қабылданады.
Еске салсақ, бүгінде «Жас отау» деп аталатын неке сарайының құрылысы 1969 жылы басталып, 1971 жылы салтанатты түрде ашылған. Бүгінде ғимарат Алматы қаласының басты сәулет ескерткіштеріне жатады.
Кейінгі жылдары қараусыз қалып, ғимараттың сылағы опырылып, іші мен балкон аумағы қоқысқа толған. Бұған дейінгі сенімгерлік басқаруға алған компаниялар (соның ішінде 2026 жылы шарты бұзылған «Jar Jar Almaty» ЖШС) өз міндеттемелерін орындамағандықтан, нысан қала балансына қайтарылған еді.

