KZ
RU KZ

«Kyzdar.net» арқылы ақша тапқан: халықаралық іздеуде жүрген әйел Қазақстанға қайтарылды

Оған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысып, жеңгетайлық жасады деген айып тағылып отыр.

Жеңгетай ұсталды
Жеңгетай ұсталды Фото: Бейнежазбадан кадр

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Грузиядағы Қазақстан елшілігінің көмегімен Өзбекстан азаматын қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін елге экстрадициялады. Оған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысып, жеңгетайлық жасады деген айып тағылып отыр.

Тергеу мәліметінше, күдікті ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа мүшелерімен бірге жезөкшелікпен және өзге де сексуалдық сипаттағы қызметтермен айналысатын адамдардан «Kyzdar.net» интернет-ресурсында жарияланған анкеталарының шоттарын толықтыруға өтінімдер қабылдаған. Бұл қызметтерді жарнамалап, ілгерілету мақсатында жасалған.

Осылайша, топ мүшелері түскен қаражаттан комиссиялық ақы ұстап қалып, қалған соманы сайт ұйымдастырушыларына аударып отырған. Соның нәтижесінде жеңгетайлықтың заңсыз схемасының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз еткен.

Қазіргі уақытта ұйымдасқан қылмыстық топтың бірқатар мүшесі түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал топтың кейбір мүшелері, соның ішінде күдікті де қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.

Биыл шілдеде күдікті Грузия аумағында ұсталды. Бас прокуратураның сұрауы бойынша ол Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.

Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.