Психотроптық заттан 580 млн теңге табыс тапқан қылмыстық топ мүшелері сотталды
Қарағанды облысында бірнеше жыл бойы психотроптық зат тектестерін заңсыз өндірумен және өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот талқылауы аяқталды.
Қарағанды облысында психотроптық зат тектестерінің заңсыз айналымынан шамамен 580 млн теңгеден астам табыс тапқан қылмыстық топтың мүшелері сотталды.
2026 жылғы 3 қарашада Қарағанды облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қылмыстық топтың бес мүшесіне қатысты айыптау үкімін шығарды.
Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу (Қылмыстық кодекстің 262-бабы), есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың тектестерінің заңсыз айналымы (Қылмыстық кодекстің 297-бабы), сондай-ақ аталған қылмыстарды жасауға оқталу бойынша кінәлі деп танылды.
Сот 2022–2024 жылдар аралығында Қарағанды және Алматы облысы аумағында С. және А. басшылығымен ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет еткенін анықтады.
Олардың әрекеті психотроптық заттардың тектестерін өндіру және өткізу арқылы жүйелі түрде заңсыз пайда табуға бағытталған. Қылмыстық жоспарды жүзеге асыру мақсатында есірткі зертханалары ұйымдастырылып, прекурсорлар мен қажетті жабдықтар сатып алынған, жаңа қатысушылар тартылған.
Топ мүшелері миллиондаған табыс табуға бағытталған және міндеттері нақты бөлінген тұрақты қылмыстық құрылым қалыптастырған. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа жалпы құны шамамен 580 млн теңгеден асатын мүлік сатып алынған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.

