Ақтөбеде авиация генерал-майоры мен подполковник ұсталды
12 қараша күні таңертең Қаржылық мониторинг агенттігі тапсырмасымен екі әскери офицер ұсталды.
Олар пара алды және пара берді деп күдіктеліп отыр.
Ақтөбеде Әуе қорғанысы күштері әскери институтының бастығы, авиация генерал-майоры Еспагамбетов пен институттың азық-түлік қызметінің бастығы, подполковник Исаходжаев ұсталды. «Ақ Жайық» басылымының хабарлауынша, офицерлерге пара алу және пара беру күдігі тағылған.
Басылым мәліметінше, 12 қараша күні таңертең Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) тапсырмасымен арнайы операция жүргізген.
Алайда әзірге бұл ақпаратқа қатысты ресми растау жоқ.
Бұған дейін, 11 қарашада Астанада «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиев ұсталған болатын. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.
Еске салсақ, 13 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын дамыту мәселелері бойынша Қауіпсіздік кеңесі отырысын өткізеді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияр хабарлады.
Жиында Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа күдікті «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» компаниялары басшыларының ұсталуына қатысты мемлекеттің ұстанымын жариялайды.


