Әл-Фараби даңғылында мас жүргізуші өзге көліктерді соғып, қашуға тырысқан
Алматыда ер адам отбасымен бірге Әл-Фараби даңғылымен келе жатып, жолда қауіпті маневр жасаған Subaru Legacy көлігін байқаған, деп хабарлайды ZTB.
Оның айтуынша, жүргізуші өзге көліктерді жолдан ығыстырып, біресе оңға, біресе солға бұрылып, ақырында олардың көлігіне соқтығысқан. Бірнеше шақырым бойы соңынан қуғаннан кейін ер адам көлікті тоқтата алған. Кейін полиция Subaru жүргізушісінің мас болғанын растады.
Оқиға түсірілген видеоны жариялаған ер адам отбасымен үйіне қайтып бара жатқанда жолда оғаш қозғалған көлікке назар аударғанын айтты.
"Бәрінің алдынан шығып, көліктердің алдында тежегішті басады, жолақтан жолаққа ауытқып жүреді. Кейін жоғары жылдамдықпен біздің көліктің артқы бамперіне соғуға әрекет жасап, ақыры соқтығысты. Не болып жатқанын анықтау үшін соңынан жүруді ұйғардық. Оны тек бірнеше шақырымнан кейін ғана тоқтата алдық. Көлігін екі жағынан қысып тоқтатып, жанына жүгіріп бардық. Салонға кірген бойда алкогольдің өткір иісі сезілді"
— деді ер адам.
Оның сөзінше, бастапқыда полиция шақырудың қажеті бар-жоғын ойлап, жүргізушіні «мас жүргізушінің орнына көлік айдау» қызметі арқылы үйіне жіберуді де қарастырған. Алайда кейін оны құқық қорғау органдарына тапсыруды жөн көрген.
"Бір рет мас болып рөлге отырған адам екінші, үшінші рет те отыруы мүмкін. Мұның арты неге әкелетінін ешкім білмейді" — деп түсіндірді ол өз шешімін.
Кейін ер адам видеода құқық бұзушыға қарата айтқан балағат сөздері үшін бөлек кешірім сұрады.
"Осындай сөздер айтуға жол бергеніме қатты ұяламын. Бұл дұрыс болмады. Сабыр сақтауым керек еді. Жақындарымның өміріне қауіп төнгеннен кейін эмоцияға беріліп кеттім", — деп түсіндірді ол.
Алматы қалалық полиция департаменті мас жүргізушінің ұсталғанын растады.
"2026 жылғы 2 қарашада сағат 00:50 шамасында полиция қызметкерлері алкогольдік масаңдық белгілері бар жүргізуші басқарған Subaru Legacy көлігін тоқтатты. Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша жүргізушінің жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң болғаны анықталды. Ол Әуезов аудандық полиция басқармасына жеткізілді, материалдар сотқа жолданды. Автокөлік мамандандырылған айып тұрағына қойылды" деп хабарлады полиция.
Оқиға бұған дейін де мас жүргізушілердің қатысуымен болған резонансты жол апаттарымен есте қалған Әл-Фараби даңғылында болған.


