Ақмола облысында жазғы дөңгелекпен жолға шыққан 744-тен астам көлік кері қайтарылды
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты 8–9 қараша күндері полиция қызметкерлері жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізушілерді жарты жолда кері қайтарып жатыр.
Шектеулер Астана — Щучинск, Астана — Шідерті — Павлодар және Көкшетау — Атбасар бағыттарындағы тасжолдарға енгізілді. Сонымен қатар кейбір учаскелерде көлік қозғалысы жылдамдығы төмендетілді.
Полиция департаментінің мәліметінше, екі күн ішінде 744-тен астам автокөлікке республикалық маңызы бар жолдармен әрі қарай жүруге жол берілмеген. Жүргізушілердің барлығы дерлік қысқы жол жағдайына дайындалмаған, көліктерінде әлі жазғы дөңгелек болған.
Қолайсыз ауа райына байланысты шектеулер 8 қараша күні енгізілді. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының хабарлауынша, сағат 17:20–дан бастап Ақмола және Павлодар облыстарындағы республикалық маңызы бар жолдардың бірқатар учаскесінде жазғы дөңгелекпен жабдықталған көліктердің қозғалысы тоқтатылды.
Атап айтқанда, Ақмола облысында Астана — Көкшетау — Петропавл — Ресей шекарасы тасжолының 18–232-шақырым аралығы, яғни Астанадан Щучинскіге дейінгі жол жабылды. Сондай-ақ Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — Ресей шекарасы тасжолының 16–200-шақырым аралығында көлік қозғалысына шектеу қойылды.
Ал Павлодар облысында осы бағыттағы тасжолдың Ақмола облысының шекарасынан Шідерті кентіне дейінгі 200–254-шақырым аралығында жазғы дөңгелекпен жүруге рұқсат берілмеді. Бұдан бөлек, Көкшетау — Атбасар тасжолында да уақытша шектеу енгізілді.
9 қараша күні таңертең жол қозғалысы біртіндеп қалпына келтіріле бастады. «ҚазАвтоЖолдың» мәліметінше, сағат 7:30–да Астана — Щучинск және Астана — Павлодар бағыттарындағы бірқатар учаскелер, сондай-ақ Павлодар облысындағы Шідертіге дейінгі жол барлық көлік түрі үшін қайта ашылды. Алайда таңғы сағат 8:00–дегі жағдай бойынша Көкшетау — Атбасар тасжолында жазғы шиналармен жүруге қойылған шектеу әлі сақталған. Кейбір бағыттарда жылдамдық режимі де төмендетілді.
Полиция өкілдерінің айтуынша, жүргізушілерге жазғы дөңгелектерді қысқысына уақытында ауыстыру қажеттігі бірнеше рет ескертілген. Соған қарамастан, кейбір автокөлік иелері көлігін қысқы жағдайға дайындамай, ұзақ жолға шыққан.
Қысқы дөңгелек міндетті ме?
Қолданыстағы техникалық регламентке сәйкес, Қазақстанда қысқы кезеңде, яғни желтоқсан, қаңтар және ақпан айларында жеңіл және жүк көліктерінің тиісті санаттары қысқы дөңгелекке ауысуы міндетті. Сонымен қатар олардың протектор тереңдігі кемінде 4 миллиметр болуы тиіс.
Қазақстанда қыста жазғы дөңгелекпен жүргені үшін (1 желтоқсаннан ақпанның соңғы күніне дейін қоса алғанда) ҚР ӘҚБтК-нің 5-бабының 590-бөлігі бойынша айыппұл қарастырылған:
• Бірінші бұзушылық (2026 жылы): 5 АЕК (21 625 теңге).
• Қайталап бұзушылық (жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде): 20 АЕК (86 500 теңге)
Республикалық маңызы бар жолдардың жағдайы мен қозғалыс шектеулері туралы тәулік бойы 1403 нөмірі арқылы білуге болады.


