KZ
RU KZ

Әкесі 12 жастағы қызын ернінен сүйді: Полиция тексеріс бастады

Өскеменде ер адамның 12 жастағы қызын туған күнінде ернінен сүйген жазбасы әлеуметтік желіде тарағаннан кейін полиция отбасына қатысты тексеру бастады.

Әкесі мен қызы
Әкесі мен қызы Фото: Бейнежазбадан кадр

Отбасылық мерекеде түсірілген видео әлеуметтік желілерде жарияланған. Кадрда ер адам қызын туған күнімен құттықтап, оған торт әкеледі. Қыз шамды үрлеп өшіргеннен кейін, әкесі оны өзіне тартып, ернінен ұзақ сүйеді. Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, ер адам қыздың әкесі.

Видео қазақстандықтардың қызу талқысына түсті. Кейбір қолданушылар ер адамның әрекетін орынсыз деп бағалап, баланың жеке шекарасын бұзуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ кейбірі қыздың қимыл-қозғалысына назар аударды. Ал біреулер бұл әрекеттен ешқандай оғаштық көрмей, қоғам ата-ананың махаббатына шамадан тыс өткір реакция білдіріп отыр деп есептеді.

Кейін талқылауға видео авторы екенін айтқан қыз қосылды. Оның сөзінше, жазба отбасы үшін түсірілген, ал әлеуметтік желіде рұқсатсыз жарияланған.

Құқық қорғаушылар не дейді?

Бұл жағдайға құқық қорғаушы Ләззат Рақышева да пікір білдірді. Ол видеоны көргенде өзін жайсыз сезінгенін айтып, әке мен кәмелетке толмаған қыздың арасындағы мұндай сүйісу орынсыз деп бағалады.

 

«Баланың жеке шекарасы болуы керек, ал ересектер оны құрметтеуге міндетті. Сондықтан мен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваға және Өскемен қаласының қорғаншылық органдарына осы видеоға назар аударып, жағдайды анықтауды сұрап жүгінемін. Әсіресе қызбен тәуелсіз кәсіби балалар психологы сөйлесуі қажет деп санаймын» деп жазды ол.

 

Рақышева жағдайды тексеруді сұрап, Ішкі істер министрлігіне де өтініш жолдаған.

Кейін құқық қорғаушы оған қыздың анасы телефон соғып, жарияланымды өшіруді талап еткенін айтты. Рақышеваның сөзінше, әйел отбасында бәрі жақсы екенін, полиция қызметкерлері олармен сөйлесіп қойғанын жеткізген. Алайда құқық қорғаушы тексерістің ресми нәтижесін күтетінін мәлімдеді.

 

«Мен оның сөзін естідім. Бірақ маған телефон арқылы айтылған ауызша түсініктеме емес, өтініштеріме қатысты құзырлы органдардың ресми жауабы қажет. Тексеріс жүргізілгенін, жағдайдың зерделенгенін және баланың амандығына алаңдауға негіз жоқ екенін ресми түрде растасын. Ресми жауапты алғаннан кейін жарияланымды өшіру мәселесін қарастыруға дайынмын», — деп түсіндірді Рақышева.

 

Талқылауға адвокат Аянхан Омаров та қосылды. Ол да ІІМ-ге өтініш жолдап, ер адамның әрекетін Қылмыстық кодекстің 124-бабы — «Он алты жасқа толмаған адамдарды азғындық жолға түсіру» бойынша қылмыс белгілерінің бар-жоғына тексеруді сұрады.

Адвокаттың пікірінше, видеодағы қыздың әрекеті түсініксіз. Ол баланың өзін еркін ұстамайтынын және әкесін құшақтап жауап бермегендей көрінетінін атап өтті. Сондай-ақ Омаров мамандардан қыздың психологиялық жағдайына баға беруді сұрады.

Полиция не деп жауап берді?

Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті бұл ақпаратты тіркеп, тексеру бастағанын хабарлады.

 

«Оқиға полицияда тіркелді. Қазір тексеру жүргізіліп жатыр. Оған білім басқармасы мен әкімдік қызметкерлері де тартылды» деп мәлімдеді ведомство.

 

Әзірге полиция қандай да бір заңбұзушылық анықталған-анықталмағанын нақтылаған жоқ.

Бұған дейін Павлодарда екі оқушы қызға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық болуы мүмкін екені хабарланған еді. Бұл жағдайды мектеп психологы оқушылармен жеке әңгімелесу барысында анықтаған. Осыдан кейін мектеп әкімшілігі қыздардың ата-анасына хабар беріп, полицияға жүгінген.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.