Шенген визасын алу тәртібі жеңілдеуі мүмкін
ҚР СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов қазақстандықтар үшін Шенген визасын алу рәсімін жеңілдетуге қатысты келіссөздің қазіргі жағдайы туралы мәлімдеді.
Оның айтуынша, келіссөздердің егжей-тегжейін жариялауға болмайды.
«Келіссөз ілгеріледі, жұмыс жалғасып жатыр. Еуропалық серіктестерімізге түсіністік танытқаны үшін алғыс айтамыз. Көптеген мәселеде ортақ түсіністікке қол жеткізіп келеміз. Оң нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенемін», — деді Жанболат Үсенов.
Журналистер ел азаматтары Шенген визасын рәсімдеу кезінде төлейтін алым мөлшерін төмендету және визадан дәлелді түрде бас тартылған жағдайда төленген алымның бір бөлігін қайтару мәселесіне қатысты сұрақ қойды.
"Келіссөздердің нақты жай-жапсарын жариялай алмаймын. Бірақ сіздер айтып отырған мәселелерде визалық режимге қатысты келісім бар, қазақстандықтар әлі де визасыз бара алмайтын әрбір елді талқылаймыз.
Біздің басты мақсатымыз — басқа елдермен келіссөз жүргізу арқылы Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим енгізу. Ал оған дейін виза алымдарын төмендету, визаның қолданылу мерзімін ұзарту, талап етілетін құжаттар санын қысқарту және басқа да жеңілдіктерге қол жеткізу үшін жұмыс істейміз. Бұл кез келген елмен жүргізілетін келіссөзде көтеріледі" — деп түсіндірді министрлік өкілі.
Еске салайық, 2025 жылғы наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Калласпен кездескен болатын. Сол кезде Еуропалық комиссия мен Қазақстан арасында визаларды беру тәртібін жеңілдету туралы келісім жасасу рәсімі басталғаны хабарланды.
Кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі еліміздің Еуропалық одақпен визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздердің алғашқы кезеңін бастағанын мәлімдеді.
Келіссөз жалғасып жатыр. Алайда Шенген визасының құны қаншаға төмендейтіні, оны рәсімдеу үшін қажетті құжат саны қаншаға қысқаратыны және қандай қосымша жеңілдіктер қарастырылатыны әзірге белгісіз. Оң шешім қабылданса, бұл қазақстандықтардың Еуропаға сапарлауын жеңілдететіні сөзсіз.


