Елімізде бес күнде жүргізу құқығынан айырылса да көлік тізгіндеген 245 жүргізуші ұсталды
Қазақстанда сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, қайтадан рөлге отырған 245 адам ұсталды.
Олардың 115-і әкімшілік қамауға алынса, тағы 130-ына айыппұл салынды. Барлық көлік арнайы айыптұраққа қойылған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақбота Боранованың айтуынша, кейбір жүргізушілер соттың тыйымына қарамастан, көлік тізгініне отырған. Олар заң талаптарын саналы түрде бұзып қана қоймай, жол қозғалысына қатысатын өзге адамдардың өміріне қауіп төндіреді.
«Өкінішке қарай, кейбір жүргізушілер көлік жүргізу құқығынан айырылғаннан кейін де рөлге отыра береді. Соттың тыйымына қарамастан, заңды елемей, басқа жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіреді. Соңғы бес күнде полиция осындай 245 жүргізушіні ұстады. Оның 115-і әкімшілік қамауға алынды, тағы 130-ына айыппұл салынды. Барлық 245 автокөлік айыптұраққа жеткізілді», — деді Ақтоты Боранова.
ІІМ өкілі көлік жүргізу құқығынан айыру сот шешімі күшінде болған кезеңде автокөлік басқаруға толық тыйым салынатынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл талапқа қатысты ешқандай ерекшелік қарастырылмайды. Полиция мұндай заң бұзушылықтардың жолын қатаң түрде кесетін болады.
Алматыда жыл басынан бері 414 жүргізуші анықталған
Бұл мәселе жекелеген өңірлерде де өзекті болып отыр. Мәселен, Алматы қаласында 2026 жылдың басынан бері сот шешімімен жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, қайтадан көлік басқарған 414 адам анықталған. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді.
Жүргізушілердің көлік басқару құқығынан айырылуына себеп болатын өрескел заң бұзушылықтардың қатарында мас күйінде немесе есірткі әсерімен көлік жүргізу, қарсы бағыттағы жолаққа шығу және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу бар. Кейбір азаматтар соттың шешіміне қарамастан, қайтадан рөлге отырып, бұрынғы қауіпті әрекеттерін жалғастырады.
Жол қауіпсіздігі үшін лазерлік жүйе енгізіліп жатыр
Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында заманауи технологияларды қолдануды кеңейтіп келеді. Соның бірі — тұман, боран, нөсер жаңбыр және көріну мүмкіндігі төмендейтін өзге де қолайсыз ауа райы жағдайларында жүргізушілерге жол бағытын бағдарлауға көмектесетін лазерлік жүйелер.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бағланбек Айтпаевтың айтуынша, мұндай қондырғылар республикалық маңызы бар, көлік қозғалысы қарқынды әрі жол-көлік оқиғаларының қаупі жоғары 22 жол учаскесінде жұмыс істеп тұр.
Ведомство өкілінің сөзінше, тәжірибе бұл технологиялардың жолдағы қауіпсіздікті арттырып, апаттардың алдын алуға көмектесетінін көрсеткен. Сондықтан ІІМ жол ұйымдарымен бірлесіп, лазерлік қондырғыларды басқа да автожолдарға орнатуды жалғастырмақ.

