Ұлттық пантеонға кімдер жерленеді?
Елімізде жоғары лауазымды шенеуніктерді Ұлттық пантеонға жерлеу тәртібі өзгерді
Қазақстан Үкіметі Ұлттық пантеонға жерлеуге құқығы бар мемлекеттік лауазымды тұлғалардың тізімін қайта қарады. Тиісті № 981 қаулыға 2026 жылғы 4 қарашада премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Құжаттың жаңа редакциясына сәйкес, Ұлттық пантеонға қайтыс болған немесе қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан төмендегі лауазымды тұлғаларды жерлеуге болады:
-
вице-президенттер;
-
премьер-министрлер мен олардың орынбасарлары;
-
Құрылтай төрағасы мен оның орынбасарлары;
-
Қазақстан Халық Кеңесі төрағасы мен оның орынбасарлары;
-
Парламент палаталары басшылары мен олардың орынбасарлары;
-
мемлекеттік хатшылар мен мемлекеттік кеңесшілер;
-
президент әкімшілігі басшылары;
-
Конституциялық Кеңес, Конституциялық Сот, Жоғарғы Сот және Ұлттық банк төрағалары;
-
Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы орынбасарлары.
Сонымен қатар Ұлттық пантеонға министрлерді, президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган басшыларын, Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін жерлеу қарастырылған.
Тағы кімдер Ұлттық пантеонға жерленуі мүмкін?
Қаулыда Қазақстанның басқа да азаматтарын Ұлттық пантеонға жерлеу мүмкіндігі қарастырылған. Алайда мұндай шешімді Қазақстан президенті қабылдауы тиіс.
Марқұмды Ұлттық пантеонға жерлеуді ұйымдастыру туралы бастаманы оның жұбайы, жақын туыстары немесе заңды өкілі көтеруі қажет.
Жерлеу рәсімін ұйымдастыру мен өткізуге Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жауап береді.
Айта кетейік, Ұлттық пантеон — Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ел дамуына айрықша үлес қосқан тұлғалар жерленетін арнайы мемориалдық кешен. Ол Астана маңында орналасқан.
Үкіметтің № 981 қаулысы алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.


