KZ
RU KZ

Ақтөбеде мектептің бас есепшісі 58 миллион теңгеге жуық бюджет қаражатын жымқырды

Ақтөбеде № 48 мектептің бұрынғы бас есепшісі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды.

Бюджет қаражаты
Бюджет қаражаты ZTB. ЖИ иллюстрация

Ер адам кінәсін мойындап, қылмысқа құмар ойындарға әуестігінен барғанын түсіндірген.

41 жастағы ер адам 2015 жылы № 48 қалалық орта мектепке бас есепші болып жұмысқа орналасқан. Қызметке кіріскеніне бір ай өтпей жатып, өз есепшотына негізсіз қосымша қаражат аудара бастаған.

Алғашында айына бір рет 6,8 мың теңгеден аударған. Кейін аударымдар саны айына бірнеше ретке дейін көбейіп, жекелеген төлем көлемі 565 мың теңгеге жеткен.

Сот анықтағандай, 2015 жылдың сәуірінен 2018 жылдың желтоқсанына дейін бас есепші бюджеттен 57,9 миллион теңгені заңсыз түрде өз есепшотына аударып, оны өз қалауынша жұмсаған.

Салдарынан Ақтөбе қалалық білім бөліміне аса ірі мөлшерде материалдық залал келген.

Сотта ер адам кінәсін толық мойындап, қылмысқа құмар ойындарға әуестігі себеп болғанын айтқан.

Сот оны сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу бойынша кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік мекемесінде алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар сотталған азаматқа келтірілген шығынды толық өтеу міндеттелді.

Апелляциялық шағымда ер адам жасаған ісіне өкінетінін, дәлелдерге қарсы еместігін және асырауында үш қызы бар екенін айтып, шартты жаза тағайындауды сұраған.

Алайда сот алқасы жазаны жеңілдетуге негіз таппады.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.