10 қарашада Қазақстанның басым бөлігінде қар жауып, нөсер жаңбыр жауады
2026 жылғы 10 қараша Қазақстанның барлық дерлік өңірінде жауын-шашын болады. Кей жерлерде қар мен жаңбыр қатты жаууы мүмкін.
Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі хабарлады.
Синоптиктердің болжамынша, солтүстік циклон және онымен байланысты атмосфералық фронт ел аумағына жаңбыр мен қар әкеледі. Әсіресе оңтүстік және шығыс өңірлерде жауын-шашын мол болады. Тек еліміздің қиыр батысында антициклон әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.
«Республика бойынша жел күшейеді. Тұман түсіп, солтүстік және орталық өңірлерде көктайғақ болады» деп жазылған «Қазгидромет» хабарламасында.
Сонымен қатар бірқатар облыста өрт қаупі сақталады.
Жоғары өрт қаупі:
-
Атырау облысының батысында;
-
Алматы облысының батысында, оңтүстігінде және шығысында;
-
Жетісу облысының оңтүстігі мен орталығында;
-
Қызылорда облысының солтүстігінде;
-
Жамбыл облысының солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында;
-
Абай облысының оңтүстігінде күтіледі.
Төтенше өрт қаупі:
-
Қызылорда облысында;
-
Ақтөбе облысының оңтүстігінде;
-
Жетісу облысының шығысында болжанады.
10–12 қарашада күн суытады
Синоптиктердің 10–12 қарашаға арналған болжамына сәйкес, Қазақстанның барлық өңірінде, тіпті оңтүстікте де ауа температурасы төмендейді.
Күндізгі ауа температурасының негізгі көрсеткіштері мынадай болады:
-
еліміздің батысында +3…+12 градус;
-
солтүстік-батысында 0…+8 градус;
-
солтүстігінде, шығысында және орталығында -3…+5 градус;
-
оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында +2…+10 градус.
«Алдағы үш тәулікте республиканың басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз. Жаңбыр мен қар жауып, кей жерлерде қатты жауын-шашын болады. Көктайғақ байқалады. Ел аумағында жел күшейіп, түнгі және таңғы уақытта тұман түседі» деп хабарлады «Қазгидромет» баспасөз қызметі.
11–12 қараша күндері тек еліміздің батысында жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.
Еске салайық, бұған дейін синоптиктер Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 17 облысында қауіпті метеорологиялық құбылыстар болатынын ескерткен еді.


