Азаматтардың өтінішін бір-біріне сілтей беретін мемлекеттік органдарға талап күшейтілді
Жиынға орталық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және сот органдарының, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) өкілдері қатысты.
Азаматтардың өтініштеріне жүргізілген талдау соңғы жылдары мемлекеттік органдардың формалды жауаптарына және өтініштердің бір ведомстводан екіншісіне бірнеше рет жолдануына қатысты шағымдар саны артып келе жатқанын көрсетті.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті мемлекеттік органдардың өтініштерді негізсіз басқа ведомстволарға жолдауына қатысты статистикалық мәліметтер мен нақты мысалдарды ұсынды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген жауапкершілік шаралары түсіндірілді.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы 8 қарашадан бастап жаңа норма күшіне енді. Оған сәйкес, егер азаматтың өтініші мемлекеттік органдар арасында үш реттен артық жолданса, тиісті мемлекеттік орган мәселені неліктен өз бетінше шеше алмайтынын және оны басқа ведомствоға қандай негізде жіберетінін жазбаша түрде түсіндіруге міндетті. Бұл ретте екі органның да өкілеттігін растайтын заңнамалық нормаларға сілтеме жасалуы тиіс.
Аталған шара өтініштерді негізсіз бір мекемеден екіншісіне жолдау тәжірибесін тоқтатуға, мемлекеттік органдардың азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруға және көтерілген мәселелер бойынша мәні мен мазмұны жағынан сапалы жауап беруді қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар кеңесте «жасырын» мемлекеттік қызметтер мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, азаматтардан бір сипаттағы сұраулар жүйелі түрде қайта-қайта түсіп отырғанына қарамастан, мемлекеттік органдар оларды автоматтандырып, қызмет көрсетудің проактивті форматына көшудің орнына, жылдар бойы үлгі бойынша дайындалған бірсарынды жауаптарды жіберіп келеді.
Сондай-ақ бірнеше мәрте қайталанатын өтініштер жолдайтын жекелеген азаматтардан шағым санының арту үрдісі қаралды. Бұл мәселені шешу үшін азаматтардың күрделі әрі ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келе жатқан өтініштерімен жеке, мақсатты жұмыс жүргізу тәжірибесін қолдану ұсынылды.
Кеңес қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің басшылығына азаматтар өтініштерінің туындау себептеріне терең талдау жүргізу және оларды жоюға бағытталған жүйелі шаралар қабылдау жөнінде бірқатар нақты міндет жүктелді.
Мемлекеттік органдарға азаматтардың өтініштерін тұрақты негізде сапалы қарауды қамтамасыз ету және оларды ведомстволар арасында негізсіз жолдауға жол бермеу тапсырылды.

