«Қайраттың» 14 футболшысына Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атағы берілді
Былтыр Чемпиондар лигасында өнер көрсеткен алматылық «Қайрат» футбол клубының 14 ойыншысына «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» құрметті атағы берілді.
Марапаттау рәсімі Тимур Сегізбаев атындағы академияда өтті.
Футболшыларға марапатты клубтың байқау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев, бас директоры Асқар Есімов, сондай-ақ Қазақстан футболының ардагерлері Құралбек Ордабаев пен Уаит Талғаев табыстады.
Құрметті атаққа Темірлан Анарбеков, Дамир Қасабулат, Әділет Садыбеков, Еркін Тапалов, Александр Мрынский, Александр Широбоков, Лев Кургин, Олжас Байбек, Азамат Тұяқбаев, Шерхан Қалмұрза, Мансұр Бірқұрманов, Мұхамедәлі Әбіш және Рамазан Бағдат ие болды.
Сондай-ақ марапатталғандар қатарында Дастан Сәтпаев та бар. Қазір жас футболшы Англияда жүр.
Марапаттау рәсімінен кейін футболшылар академияның жас тәрбиеленушілерімен кездесіп, оларға ақыл-кеңесін айтып, алдағы уақытта бұдан да биік жетістіктерге жетулеріне тілектестік білдірді.


