Тағы бір көңілдес: Nvidia директорлар кеңесі Дженсен Хуангтың отставкасын қарастырады
Америкалық технологиялық корпорация Nvidia директорлар кеңесі компанияның бас директоры әрі негізін қалаушылардың бірі Дженсен Хуангтың алдағы тағдырын талқылау үшін бас қосты.
Бұған оның жеке өміріне қатысты дау себеп болған. Екі әйелмен некеден тыс қарым-қатынаста болғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін бұл оқиға халықаралық деңгейде резонанс тудырды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Алғашқы оқиға америкалық барлау қызметі Қытайдың арнайы қызметтерімен байланысы болуы мүмкін деп күдіктенетін қытайлық кәсіпкер Элис Хуангқа қатысты. Тергеу деректеріне сәйкес, ол АҚШ-тың экспорттық шектеулерін айналып өтіп, Nvidia компаниясының жасанды интеллектті дамытуға арналған жеделдеткіш құрылғыларын Қытай компанияларына жеткізуге қатысы болуы мүмкін.
Осы күдіктерден кейін корпорацияның директорлар кеңесі ішкі тексеру жүргізіп, сыртқы заңгерлерді тартқан. Ал Қытай жағы тыңшылық туралы айыптауларды жоққа шығарып отыр.
Екінші оқиға Nvidia компаниясының денсаулық сақтау бағыты бойынша вице-президенті Кимберли Пауэллге қатысты. Ол тікелей Дженсен Хуангқа бағынады.
Жанжал корпорацияның қаржылық көрсеткіштеріне де әсер ете бастады. Компания басшысының қызметінен кетуі мүмкін екені туралы ақпарат жарияланғаннан кейін Nvidia акциялары биржадан тыс сауда барысында 8 пайыздан астам арзандаған.
Егер акциялар құнының төмендеуі жалғасса, ішкі тергеу басталғаны жарияланған сәттен бері компанияның нарықтық капиталдандыруындағы жалпы шығын шамамен 600 миллиард доллар болуы мүмкін.
Инвесторларды компанияның жаңа басшысы кім болатынына қатысты белгісіздік те алаңдатып отыр. Дженсен Хуанг 1993 жылы Nvidia құрылғаннан бері оны басқарып келеді. Қазіргі уақытта ол компания акцияларының шамамен 3,6 пайызына иелік етеді.
Бас директорды қызметінен шеттету туралы шешімді 11 адамнан тұратын директорлар кеңесінің жай көпшілік даусымен қабылдауға болады. Бұған дейін, жексенбі күні, директорлар Хуангты ашық қолдайтынын білдірген. Алайда қазір олар компания басшылығын ауыстыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Сонымен қатар америкалық заң шығарушылар да Nvidia басшысына қысым көрсетуде. Олар Дженсен Хуангтан қытайлық кәсіпкер әйелмен байланысына қатысты түсініктеме беруді талап еткен.
Nvidia компаниясы кезекті тоқсанның қаржылық есебін 17 қарашада жариялауы тиіс.


