Мектеп дәретханасында 10 жастағы бала зорлық-зомбылыққа ұшырады: анасына қысым көрсетіліп жатыр
Қазақстандағы мектептердің бірінде алтыншы сыныптың екі оқушысы бесінші сыныпта оқитын 10 жастағы балаға зорлық-зомбылық көрсетті деген ақпарат тарады.
Бұл туралы қоғам белсендісі Дина Таңсәрі әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Оның айтуынша, оқиға мектеп дәретханасында болған. Сол сәтте дәретханаға кірген жоғары сынып оқушысы жағдайды байқап қалып, жәбірленушінің туған ағасына хабарлаған. Осыдан кейін оқиғаның мән-жайы белгілі болған.
Мектеп директоры аудандық полиция бөліміне жүгініп, жәбірленуші баланың анасы арыз жазған.
Күдікке ілінген балалардың жасы 11 және 12-де, ал жәбірленуші небәрі 10 жаста.
Дина Таңсәрінің мәліметінше, жәбірленушінің анасы үш баласын жалғыз тәрбиелеп отыр. Отбасы облыс орталығынан шамамен 200 шақырым қашықтықтағы ауылда тұрады. Әйел адвокат жалдаған. Іс 16 қараша күні түстен кейін тіркелген.
Белсенді күдікке ілінген оқушылардың бірінің ата-анасы осы мектепте жұмыс істейтінін де айтты.
«Полиция істі жабатынын айтқан»
Дина Таңсәрінің сөзінше, аудандық полиция бөлімінің бастығы істің жабылатынын алдын ала хабарлаған.
Белсенді мұндай шешім балалардың 14 жасқа толмағанына байланысты болуы мүмкін деп болжайды. Алайда оның пікірінше, бұл жағдай тергеуді толық жүргізбеуге негіз болмауы тиіс.
Ол барлық мән-жайды анықтап, оқушылардың мұндай әрекетке қалай барғанын тексеру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ құзырлы органдарды істі бақылауға алуға шақырды.
Жәбірленушінің анасына қысым көрсетіліп жатыр
Қоғам белсендісі қазіргі уақытта жәбірленуші баланың анасына қатты қысым жасалып жатқанын мәлімдеді.
Ол қысым көрсетуді дереу тоқтатуды талап етіп, егер ата-аналар тарапынан қорқыту, манипуляция жасау немесе қайтадан қысым көрсету әрекеттері тіркелсе, оқиғаның барлық мән-жайын жария ететінін ескертті.
Әзірге полицияның бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктемесі жарияланғаны туралы ақпарат жоқ. Дина Таңсәрі келтірген мәліметтер құзырлы органдар тарапынан расталмады.

