KZ
RU KZ

Радиациясыз ядролық бомба: 1978 жылы 17 қарашада Кеңес Одағы нейтрон бомбасын сәтті сынақтан өткізді

Бұл қару ғимараттар мен құрылыстарды қиратпай, адамдарды жоюға арналған болатын.

Нейтрон бомбасы
Нейтрон бомбасы Фото: ЖИ

Бұл қару қалай жұмыс істейді және қандай мақсатта қолданылады? 

▪️ «Қала орнында тұр, бірақ ішінде тірі жан жоқ». Нейтрон бомбасы — қуаты төмен, екі сатылы термоядролық заряд. Оның құрамына жылдам нейтрондардың көзі саналатын бериллий изотопы бар арнайы блок қосылған. Жасаушылардың бастапқы жоспары бойынша, бұл қарудың негізгі зақымдаушы күші жылулық сәулелену немесе соққы толқыны емес, дәл осы жылдам нейтрондар ағыны болуы тиіс еді.

Нейтрон толқыны кез келген қорғаныстан өтіп, қарсыластың тірі күшін жояды, бірақ оның мүлкі мен инфрақұрылымына, соның ішінде қалаларына зиян келтірмейді деп есептелді. Ал «классикалық» ядролық оқ-дәрі жарылған жағдайда қалалар соққы толқынынан қирап, радиациялық ластануға ұшырайды.

Нейтрон бомбасын алғаш болып АҚШ жасап шығарды. Ол 1962 жылы әзірленіп, 1965 жылы қару-жарақ қатарына қабылданды.

▪️ Бастапқы идея іс жүзінде күткендей нәтиже бермеді. Алғашқы сынақтар нейтрон бомбасының тиімділігі ойлағандай жоғары емес екенін көрсетті. Жарылыс салдарынан бәрібір қираулар болды, оның үстіне олар айтарлықтай ауқымды еді.

Бұған қоса, жылдам нейтрондардың сәулеленуі әсерінен металл радиоактивті сәулелену көзіне айналып, бұл қасиетін ұзақ уақыт сақтайтыны анықталды. Яғни жойылған қарсыластың ғимараттарын, құрылымдары мен жабдықтарын кейін пайдалану мүмкін болмады. Өйткені олардың барлығы жоғары деңгейде радиация шығарып тұрды.

Тағы бір мәселе туындады. Нейтрондар атмосферада қатты шашырайтындықтан, олардың сәулелену арқылы зақымдау қашықтығы салыстырмалы түрде қысқа болды. Ал дәл сондай қуаттағы кәдімгі ядролық заряд жарылған кезде пайда болатын соққы толқыны қорғалмаған нысандарды әлдеқайда алыс қашықтықта зақымдай алатын.

▪️ Зымырандарды нейтрондар арқылы ұстап қалу. Нейтрон бомбасын қолдануға ең қолайлы орта ғарыш кеңістігі, ал негізгі нысана қарсыластың құрлықаралық баллистикалық зымырандары (ҚБЗ) болып шықты.

Атмосфера жоқ кеңістікте нейтрондар ағынының барынша алысқа таралуына ештеңе кедергі келтірмейді. Ал ядролық оқтұмсықпен жабдықталған зымыранға қарсы тосқауыл зымырандарын қолдануда қиындықтар болды. Себебі ғарышта соққы толқыны пайда болмайды.

Сынақтар көрсеткендей, нейтрон толқындары қарсыластың құрлықаралық баллистикалық зымыранының ішінен өтіп, оның бұзылуына және тосқауыл зымыраны жарылған эпицентрден 5–20 шақырым қашықтықта оқтұмсығының детонациясына әкелген.

Бұл әсерді күшейту үшін нейтрон бомбасының сыртқы қабығын алтыннан жасаған.

Дәл осы зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін (ЗҚҚ) құру жұмыстары Кеңес Одағында өз нейтрон бомбасын әзірлеуге түрткі болды. Мемлекеттік тапсырыс берілген сәттен бастап нейтрон бомбасын сынақтан өткізуге дейін небәрі жарты жылдан сәл астам уақыт өтті.

Алайда нейтрон бомбасы ғажайып қаруға айнала алмады. АҚШ та, КСРО да нейтрон толқындарының зақымдаушы әсерінен қорғайтын тиімді әдістерді салыстырмалы түрде тез тапты.

Соның нәтижесінде 1980 жылдардың ортасында екі ел де бұл қаруды өндірістен шығара бастады.

Нейтрон бомбасы тек АҚШ-та ғана сақталып қалған болуы мүмкін. Дегенмен бұл ақпараттың өзі де нақты расталмаған.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.