KZ
RU KZ

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайды»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: Ақорда

ІІІ Стратегиялық серіктестер форумына жаһандық ғылым жүйесінің көрнекті өкілдері, әлемге әйгілі ғалымдар мен білім саласының білікті мамандары және сарапшылар қатысып отыр.

Алқалы жиында халықаралық ғылыми ықпалдастық мәселесі жан-жақты талқыланып жатыр.

"Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде ғылым-білімнің әлем өркениетіндегі орны айрықша. Ғылым — барша адамзатқа ортақ игілік. Біз елдеріміздің жарқын болашағы мен азаматтарымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету үшін әлем қауымдастығы болып ғылым-білімдегі әр жетістігімізді саналы түрде кәдеге жаратуымыз керек. Стратегиялық серіктестер форумының негізгі мақсат-міндеті де осы деп күмәнсіз айтуға болады".

 

Биыл Қазақстанның дербес мемлекет болғанына — 35 жыл

 Президен еліміз қасиетті Тәуелсіздігіміздің мерейлі межесіне жеткенін, халықаралық беделі биік, экономикалық әлеуеті зор, болашағы жарқын ел, сондай-ақ аймақта көш бастап тұрған және дүние жүзінде жаппай мойындалған озық мемлекет ретінде жетіп отырғанын атап өтті.
 

"Халқымыз осы жылдар ішінде көптеген белесті табысты еңсерді. Біртұтас жұртымыздың бірлігі күшейіп, мемлекеттігіміз нығайды. Осылайша, Ұлы даладағы бірегей өркениетіміз қайта жаңғырды. Соңғы жеті жыл ішінде Қазақстанда ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Бұл да — тарихымызда бұрын-соңды болмаған оқиға. Аталған өзгерістер тұтас халқымыздың өміріне, бүкіл қоғамның болмысына оң ықпал етуде десек, артық болмас".

Мемлекет басшысы ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайып, 590 миллион долларға жеткенін айтты.

 "Білімге негізделген экономика құру азаматтарымыздың ұзақмерзімді конституциялық міндетіне айналды. Қазіргі және одан кейінгі үкіметтер оны тиісті деңгейде орындауға тиіс.
 Бүгінде Қазақстанда 132 университет бар. Онда 800 мыңнан астам студент білім алады. Соңғы жеті жылда Үкімет білім беру гранттарына бөлген қаржының көлемі екі есе көбейіп, 3,4 миллиард долларға жетті. Сондай-ақ ұдайы артып келе жатқан сұранысты өтеу үшін елімізде 281 студент жатақханасы бой көтерді. Бұл шаруа алдағы уақытта да жалғасады".
 

Бұдан бөлек, соңғы жылдары еліміздегі ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайып, 590 миллион долларға жетті.

Елімізде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты

 
Жоғары білім беру жүйесіндегі халықаралық ықпалдастықты дамыту, ғылыми байланысты тереңдету — қазіргі заман талабы.

"Біз бұл мәселеге айрықша мән береміз. Қазақстанда осы саладағы халықаралық стратегиялық серіктестік туралы 40 келісім іске асырылып жатыр. Осы білім ордаларында 12 мыңнан астам студент оқиды, сондай-ақ 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында шетелден келген 600-ден астам профессор бар".
 

Қазақстан осы аймақта алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылды. Сонымен қатар қазір Қазақстанда білім алғысы келетін шетел жастарының саны да көбейіп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: Ақорда

 

"Былтыр елімізде басқа мемлекеттерден келген 31 мың студент оқып жатқанын айтқан едім. Қазір олардың саны 41 мыңға жетті. Соның ішінде 8 мыңнан астам студент Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алуда. Бұл — Тәуелсіздік жылдары ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.
 
2029 жылға қарай 100 мың шетел студентін тарту ойымызда бар. „Қазақстанда білім ал!“ деген ұлттық бастамамыз осы міндетті іске асыруда маңызды рөл атқарады деп сенемін".

18 университетіміз биылғы QS World University Rankings тізіміне енді. Сонымен қатар Қазақстанның 10 жоғары оқу орны 2027 жылғы Times Higher Education рейтингіне қосылды. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университетінің серіктестігі аясында заманауи оқу-зертхана корпусы мен жатақхана бой көтерді.


 
"Биыл бірлескен оқу бағдарламасын аяқтаған алғашқы түлектер бірден Қазақстан және Америка университеттерінің дипломына ие болды. Сондай-ақ Қазақстанда Кардифф университетінің филиалы қызметін бастады. Бұл — британиялық жоғары оқу орнының алғашқы халықаралық кампусы.
 
Бұдан бөлек, Ковентри университеті, Мәскеу инженерлік физика институты, Бейжің тіл және мәдениет университеті, Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университеті сияқты оқу ордаларына арналған кампустар салынып, кеңейтіліп жатыр.
 
Ірі қалаларымызда атом саласына, жасанды интеллект пен креативті индустрия бағыттарына келешек мамандар даярлау жолға қойылуда. Сонымен қатар әлемдік деңгейдегі сапалы білім басқа өңірлерге де қолжетімді болуы керек деп санаймыз".
 


Сондықтан шетелдік филиалдарды орналастыратын жерді таңдаған кезде облыстардың салалық мамандануы мен кадрлық қажеттілігі ескеріледі.
 
Президент білікті кадрлар, ғылыми жетістіктер және инновациялар арқылы елімізде әлемдік деңгейдегі білімді орнықтыру жөнінде міндет қойды.
 
Академиялық хабты дамытудың екінші кезеңінде біз белсенді ғылыми ынтымақтастыққа, бірлескен зертханалар ашуға және серпінді технологиялық жобаларды жүзеге асыруға баса мән берілмек.
 

Жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайды

Қазақстан сенімді серіктес ретінде Конституциядағы "Заң және Тәртіп" қағидатының тұрақты, болжамды әрі ашық ортаның берік негізіне айналуын қамтамасыз етеді.

"Заң және Тәртіп"— жай ғана мемлекеттік саясаттың бір қағидаты емес. Ол — менің Әділетті Қазақстан құру жолындағы асқақ мұратымның арқауы, өзегі десем болады. Елімізде жүріп жатқан жан-жақты саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар әділдік, отаншылдық, толеранттылық, еңбекқорлық, шығармашылық, зайырлылық және прогресс құндылықтарымен астасып, біте қайнасып жатыр.
 
Конституциямызда заң мен сот алдында бәрі тең екенін анық жазу арқылы осы өзгерістердің нәтижесін бекемдей түсеміз. Осы ретте сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргіземіз. Бұл — біздің табанды ұстанымымыз. Бұған дейін айтқанымдай, жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайды".

Жемқорлық — кез келген мемлекет үшін үлкен зауал. Өйткені халықтың сеніміне селкеу түсіреді, ел дамуына кедергі келтіреді және жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін жоққа шығарады.
 
Президент өзінің  ұстанымы өзгермейтінін, кінәлілердің ешқайсысы заң жүзіндегі жауапкершіліктен сытылып кете алмайтынын қадап айтты.  Оның айтуынша оған ешкімнің ешқандай лауазым да, сіңірген еңбегі де, тіпті ықпалды „қамқоршылары“ да көмектеспейді.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылданды

"Тағы бір маңызды мәселе. Бүгінде Қазақстанда үш ірі қала бар.
Соның ішінде Астана мен Алматы еліміздің зияткерлік, ғылыми және мәдени орталығы болып саналады. Себебі бұл қалаларда Қазақстандағы жетекші ұлттық университеттер орналасқан.
 
Ендігі кезекте Шымкент қаласын оңтүстік аймақтағы ірі ғылым және білім орталығы ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде нақты қадамдар жасалды. Шаһарда Аризона штаты университетінің (Arizona State University) білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.


 
Сондай-ақ Түркияның Гази университетінің филиалы ашылды. Бүгінгі форумға бұл университеттің ректоры, профессор Угур Унал қатысып отыр. Бұл жұмысты одан әрі жандандырып, Шымкенттің ғылым және білім саласындағы әлеуетін күшейте түсуіміз қажет.

"Мен халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдадым. Әуезов университеті — аймақтағы ең ірі жоғары оқу орны. Шаһардағы әрбір бесінші студент осы университетте оқиды. Ұлттық мәртебе білім ордасымен қатар, құзырлы министрлікке де зор жауапкершілік жүктейді".


Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті сапалы білімнің, терең ғылымның ошағы, аймақтың зияткерлік орталығы болуға тиіс.

Форумда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, БҰҰ университетінің ректоры, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Тшилидзи Марвала, Times Higher Education бас директоры Джон Гилл, Гази университетінің ректоры Угур Унал, Гонконг қалалық университеті директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Нгай, Хериот-Уотт университетінің ректоры Нола Хьюитт-Дандас, Д. И. Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетінің ректоры Сергей Филатов сөз сөйледі.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.