Тағы үш тасжол учаскесінде орташа жылдамдықты бақылау енгізілді
9 қарашадан бастап республикалық маңызы бар үш автожол учаскесінде көліктердің орташа жылдамдығын бақылау жүйесі іске қосылды.
Олар — Алматы — Қорғас, Қарағанды — Бурылбайтал және Қызылорда — Арал бағытындағы тасжолдар. Бұл учаскелерде барлығы осындай алты бақылау аймағы жабдықталады.
Ішкі істер министрлігі камералар көліктің бақылау аймағына кірген және одан шыққан уақытын тіркейтінін еске салды. Жүйе жүріп өткен қашықтық пен жолға кеткен уақытты есептеп, көліктің орташа жылдамдығын анықтайды.
Сондықтан камераның алдына келгенде жылдамдықты төмендету көмектеспейді. Себебі жүйе бақылаудағы бүкіл учаскедегі орташа жылдамдықты есепке алады.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жолда белгіленген жылдамдықты сақтауға шақырды.


