KZ
RU KZ

«Терезеден секіріп, аман қалдық»: Алматыдағы бес адамның өмірін қиған өрттен аман қалған тұрғын оқиғаны баяндады

Алматының Бостандық ауданында түнде жеке тұрғын үйден шыққан өрт салдарынан бес адам, оның ішінде бір бала қаза тапты

Алматыдағы өрт
Алматыдағы өрт Фото: ZTB. Әсем Жәукен.

Өрттен аман қалған тұрғын ZTB тілшісіне қайғылы оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

Оның сөзінше, өрт түнгі сағат төрт шамасында байқалған. Үйдің шатыры жанып жатқанын көрген тұрғындар дереу сыртқа шығуға әрекеттенген. Алайда қою түтін салдарынан есік арқылы шыға алмай, терезеден шығуға мәжбүр болған.

Алматыдағы өрт Фото: ZTB. Әсем Жәукен.


«Түнгі сағат төрт шамасында терезеден қарасақ, өрт болып жатыр екен. Бірден жинала бастадық. Есікті ашқанымызда қою түтін кірді. Сондықтан терезе арқылы шығуға мәжбүр болдық. Ол кезде біз тұрған бөлікті әлі өрт шарпымаған еді. Терезеден үйдің шатыры жанып жатқанын көрдік», — деді тұрғын.


Оның айтуынша, өрт шыққан жеке тұрғын үй жатақхана тәрізді болған. Үйдің бөлмелері жалға берілген. Өзі де сол жерде жалдамалы бөлмеде тұрған.

Алматыдағы өрт Фото: ZTB. Әсем Жәукен.



«Біз сол үйде тұрдық, жалға алушылармыз. Үйдің бөлмелері жалға берілетін. Қаза тапқан бес адамның екеуі ер адам, екеуі әйел және бір бала. Бала төртінші сыныпта оқитын», — деді ол.


Тұрғын үйде нақты қанша адам тұрғанын және зардап шеккендердің бар-жоғын білмейтінін айтты.

Алматыдағы өрт Фото: ZTB. Әсем Жәукен.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өртті сөндіруге 35-ке жуық маман мен тоғыз техника жұмылдырылған. Оқиға орнынан бес адамның денесі табылған, олардың бірі — кәмелетке толмаған бала.

Алматыдағы өрт Фото: ZTB. Әсем Жәукен.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

Қаза тапқандар Өзбекстаннан 10 күн бұрын көшіп келген қаза тапқандардың ішінде 4 сынып оқушысы бар.

Өрттен аман қалған Мерлан Тұрғанбаевтың айтуынша, тұрғын үй газбен жылытылған. Үйде жылыту қазандығы орнатылған, ал тамақ дайындау үшін газ баллоны пайдаланылған.

Өрттен аман қалған Мерлан Тұрғанбаев Фото: ZTB. Әсем Жәукен.

 

«Үй газбен жылытылатын. Газ қазандығы бар, батарея арқылы жылу берілетін. Ал тамақ дайындау үшін үйдің ішінде газ баллоны тұрған. Өрттің неден шыққанын білмеймін. Оны сарапшылар анықтай жатар», — деді ол.

Тұрғын өрт кезінде құжаттары мен жеке заттарын алып шыға алмағанын айтты. Қазір ол оқиға орнында күтіп отыр.

Оның сөзінше, өрт кезінде шамамен 10-15 адам үйден аман шыққан. Олардың бір бөлігі қонақүйге орналастырылған.

«Құжаттарымызды да, заттарымызды да алып үлгермедік. Қазір күтіп отырмыз. Өрттен шамамен 10-15 адам аман шықты», — деді Мерлан Тұрғанбаев.

Тұрғынның айтуынша, қаза тапқан бес адам осыдан он күн бұрын Өзбекстаннан көшіп келген. Олардың арасында төртінші сыныпта оқитын қыз бала да болған.

Әзірге өрттің нақты неден тұтанғаны белгісіз. Қаза тапқандар мен аман қалған тұрғындарға қатысты қосымша мәліметтер ресми түрде нақтыланбаған.

ZTB тілшісі өрт шыққан үйдің иелерін жауап алу үшін аудандық полиция бөліміне алып кеткенін анықтады. Редакция оқиға барысынан хабар таратуды жалғастырады.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.