Алматы мәслихаты сайлауына 200-ден астам кандидат тіркелді
Алматыда 2026 жылғы 29 қарашада өтетін қалалық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда 201 кандидат тіркелген.
Қалалық аумақтық сайлау комиссиясы мәліметінше, бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 82 кандидат тіркелген. Сонымен алты саяси партия атынан 119 кандидат енген, олардың барлығы заңнамада белгіленген тәртіппен тіркеуден өткен.
Сайлауға дайындық аясында сайлау округтерінің шекаралары, аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мекенжайлары, сондай-ақ олардың құрамы туралы мәлімет берілді. Ақпарат «Almaty aqshamy» және «Вечерний Алматы» газеттерінде, сондай-ақ қала әкімдігінің ресми сайтындағы «Сайлау» бөлімінде жарияланды.
Алматыда сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін 141 орын белгіленді. Онда кандидаттар сайлаушылармен келісімшарт негізінде кездесу өткізе алады. Бұдан бөлек, үгіт-насихат материалдарын орналастыруға арналған 476 орын бөлінген.
Қалада ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Көшелерге тақырыптық баннерлер ілініп, LED-экрандарда алдағы дауыс беру туралы бейнероликтер көрсетілуде.
Аумақтық сайлау комиссиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кандидаттар мен партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғаннан кейін, яғни 1 қараша күні сағат 18:00–ден соң басталған. Үгіт-насихат кезеңі 2026 жылғы 28 қарашада сағат 00:00–де аяқталады.
Еске салайық, Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленген.
Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу қорытындысын жариялады. Республика бойынша барлығы 10 971 кандидат тіркелген. Оның 9 752-сі 3 113 бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша ұсынылған. Осылайша, бір депутаттық мандатқа орта есеппен үш адамнан үміткер болып отыр.
Сондай-ақ сайлау бюллетеньдерінде саяси партиялардың орналасу реті анықталды.
Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізуге 35,8 млрд теңге қарастырылған.


